17 мам, 2022 сағат 14:33

Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-ші орында тұр – Үкімет


2022 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 91% және жергілікті жолдардың 85% нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандағы автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы шамамен 96 мың шақырым. Жол көлік қатынасын дамыту үшін соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы бойынша жоба іске асырылды. 2 мың шақырымнан астам жол ақылы жүйеге көшті. Бұл – жол инфрақұрылымын өзін-өзі қамтамасыз ету бойынша халықаралық озық тәжірибе», - деп атап өтті Премьер Үкімет отырысында. 

Дегенмен Үкімет басшысы ақылы жүйеге ауысып жатқан жолдардың жағдайына қатысты халықтың шағымы да бар екенін айтты. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» компаниясы жолдарды күтіп-ұстау сапасы мен қауіпсіздігі бойынша жұмысты күшейтуі қажет.

«Жалпы автожолдарды дамыту «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасы аясында жүзеге асуда. Ұлттық жобаға сәйкес, 2022 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 91% және жергілікті жолдардың 85% нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Ол үшін жалпы ұзындығы 4,3 мың шақырым автожолды қайта жаңғырту және жаңа жолдар салу бойынша ірі жобалар іске асады», - деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар жол бойындағы 1110 қызмет көрсету нысанын тиісті стандартарға сәйкестендіру жұмыстары жүреді. Бұл ретте қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар проблемалық мәселелер бар. Оның ең негізгісі – жолдардың, әсіресе, жергілікті жердегі жолдардың нашарлығы. 

«Дүниежүзілік экономикалық форумның деректері бойынша, Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-ші орында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың нашар жағдайын бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді. Бұған қоса, білікті кадрлар жетіспейді. Жол-көлік инфрақұрылымын жобалау және салу кезінде жаңа құрылыс материалдары мен заманауи технологиялар аз қолданылады. Бұл жолдардың сапасы мен оларды жөндеу және салу мерзіміне де әсер етеді. Индустрия министрлігі осы мәселелерді пысықтауы қажет», - деді Премьер-Министр.