11 қаз, 2019 сағат 09:00

Қазақстан Президенті Ашхабадқа келді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Ашхабадқа келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Президенті Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездеседі деп жоспарланған. ТМД елдері басшыларының саммитінде Мемлекет басшысы ұйымды одан әрі дамыту бойынша өзінің көзқарасын білдіріп, Достастық елдерінің өзара экономикалық байланыстарын арттыру шаралары бойынша нақты ұсыныстарын айтпақ», - деп жазды Facebook-те Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Ашхабадта бірқатар көпжақты келісімдерге қол қойылатыны күтіледі. Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай ТМД халқына және әлемдік қоғамдастыққа Үндеу жарияланбақ.

ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы бүгін, 11 қазан күні өтеді.