Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңның бірқатар нормалары жаңартылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Facebook парақшасында өткен онлайн брифингте Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңның бірқатар нормалары жаңарды. Атап айтқанда, қорғаныс нұсқамасының қолданылу мерзімі 10 күннен 30 күнге дейін ұзартылды. Ішкі істер органдары жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отбасылық зорлық-зомбылық жасаған немесе оны жасау қаупі бар адамға жазбаша түрде қорғаныс нұсқамасы беріледі. Құқық бұзушыға жәбірленушінің еркіне қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, оны іздеуге, қудалауға, қонаққа баруға, ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және онымен басқа жолдармен, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен оның отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерімен байланыс жасауға тыйым салынады», - дейді әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев.
Оның айтуынша, қорғаныс нұсқамасының жарамдылық мерзімі құқық бұзушыға жеткізілген сәттен бастап полицияның профилактикалық есебіне қойылған отыз күнді құрайды. Профилактикалық бақылау жүргізіліп, жеті күнде кемінде бір рет тексеріп отырады.
Сондай-ақ, қорғаныс нұсқамасын бұзған жағдайда ескерту жасалады немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Полиция органдарының басшыларымен бірге кәмелетке толмағандар істері және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі полицияның учаскелік инспекторлары қорғаныс бұйрықтарын шығаруға құқылы
Соттың рұқсатымен 30 күнге дейін үйден уақытша шығара тұру мүмкіндігі енгізілді
Сот шешімімен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсететіндерге алкоголь ішімдік пен есірткі бұйымдарын қолдануға тыйым салынады.