23 қаз, 2023 сағат 13:23

Қазақстан полициясы күшейтілген режимге көшеді

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі полицейлер Республика күні қарсаңында күшейтілген режимге көшетінін хабарлады. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айдын Оразбаевтың айтуынша, күшейтілген режим ертең, 24 қазаннан бастап барлық республика бойынша енгізіледі.

"24-26 қазан аралығында барлық жеке құрам қызмет атқарудың күшейтілген режиміне ауыстырылады. Әкімдіктермен бірлесіп, мәдени бұқаралық іс-шаралар өтетін орындар белгіленді. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етілетін күштер мен құралдардың есебі дайындалды.

Осы күндері қоғамдық тәртіпті сақтауға тартылатын полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің санын 20 мыңға дейін көбейту көзделген. Полиция жасақтары жұрт көп жиылатын және демалатын орындарға жақындатылады", - деді ІІМ өкілі.

Оразбаевтың айутынша, бұл орындар жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камераларымен бақылауға алынады.

"Ахуалды бақылау үшін министрлікте Жедел штаб жұмыс істейді. Бұған ұқсас штабтар барлық өңірде ашылады. Жалпы министрлік "Республика күні" азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге бар күшін салады", - деді ол