Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық жағдай оптимистік сценарий бойынша келе жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Көріп жүргеніңіздей, үнемі болжамдар жасалады. Кейде болжамдар неге әртүрлі деген түсінбеушілік те туады. Екі апта сайын жаңа деректерді ескере отырып, оны (болжамды) жаңартамыз, бұл дұрыс. Бұған дейін сәуірдің соңында - мамырдың басында жағдай тұрақталады дедік. Қазір оптимистік сценарий бойынша келе жатырмыз", - деді Цой Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.
Денсаулық сақтау министрі елде белсенді вакцинация жүргізіліп жатқанын, бұл жалпы статистикаға әсер ететінін айтты.
"Осы сценарий бойынша болашақта бұл жағдайдан шығамыз деп үміттенеміз. Қазір күзге дейін болжам жасалған. Сол сценарийді орындау үшін жұмыс істеп жатырмыз", - деді ведомство басшысы.