ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Келісімге 2018 жылғы қыркүйекте Анкарада қол қойылды.
«Түркия Қазақстанның маңызды әрі негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Осы уақытқа дейін екі мемлекет арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық 1993 жылғы 8 тамыздағы әскери білім саласындағы, сондай-ақ 1994 жылғы 23 ақпандағы әскери ғылым, техника және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде жүзеге асырылып келеді. Жоғарыда аталған халықаралық шарттардың кейбір ережелері екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейді және әскери саладағы іс-шараларды өткізу бойынша қаржылық шығыстармен қамтамасыз ету тәртібі көзделмеген. Осыған байланысты әскери ынтымақтастық саласында жаңа келісім жасау туралы шешім қабылданған болатын», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Атап айтқанда, қарастырылып отырған келісімнің мақсаты тараптар арасындағы тең құқықтық пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде әскери ынтымақтастықты дамытуға негізделген. Келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі, сондай-ақ басқа да мәселелерді көздейді.
«Түркия армиясының әлемдегі жауынгерлік қабілеті мықты әскерлердің бірі екенін назарға алсақ, біздің Қарулы Күштеріміз Түркия әскерінің тәжірибесін зерделеу мен қолдану үшін ынтымақтастық тетіктерін пайдалануға мүдделі. Келісімді іске асыру қорғаныс саласында одан әрі жемісті және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенеміз», - деді ол.
Т. Дәндібаевтың сөзіне қарағанда, биылдан бастап Түркияның 16 әскери қызметшісі Қазақстандағы Ұлттық қорғаныс университетінде арнайы бағдарлама бойынша білім алуда.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінде Түркияда Қазақстанның 34 әскери қызметшісі оқып жатыр.