4 сәуірде Ақ үйде өткен протоколдық іс-шара барысында Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев АҚШ президенті Джозеф Байденмен қысқаша сұхбат өткізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның барысында қазақстандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ілтипат лебізін жеткізіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті ілгерілетуге бейілділігін атап өткені хабарланды.
"Өз кезегінде, америкалық басшы екіжақты және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша екі ел арасындағы сындарлы серіктестіктің жалғасуын оң қабылдайтынын мәлімдеді", - деді СІМ өкілдері.
Сондай-ақ Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Қазақстанның банк секторының өкілдері мен кәсіпкерлер, сондай-ақ Қазақстанда филиалы бар шетелік компаниялар үшін санкциялық мәселелер жөнінде кезекті Қазақстан-Америка онлайн-консультацияларын өткізді.
Іс-шараның мақсаты АҚШ санкцияларының қазақстандық бизнес пен екінші деңгейлі банктердің қызметіне ықпалын, сондай-ақ сыртқы саудаға кері әсерін азайтуға бағытталған.
Америкалық дипломаттар АҚШ санкциялары, санкциялар режимінде бизнес және серіктестермен транзакция жүргізу ерекшеліктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тараптар Қазақстан экономикасына санкция салдарын азайту бойынша ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде келісті.