Мемлекет кәсіпкерлікті «дағдарысқа қарсы» кредиттеуден біртіндеп шығып келе жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ranking.kz порталына сілтеме жасап.
Өткен жылы қазақстандықтарды коронавирус инфекциясынан қорғау үшін ұзақмерзімді карантиндік және шектеу іс-шаралары енгізілген еді. Дәл осы жайт ел экономикасына теріс әсерін тигізді. Бизнес пен азаматтардың экономикалық белсенділігі айтарлықтай төмендеп, көптеген кәсіпорын өндірісін қысқартты немесе сұраныстың жоқтығынан қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. 2020 жылдың басынан 2021 жылдың наурызына дейін іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта тұрды. Пандемияның күрделі кезеңінде ел Президенті экономиканың одан ары құлдырауына жол бермеу үшін қолдау іс-шараларын қолға алуды тапсырды. Осыдан кейін дағдарысқа қарсы іс-шараларға 6,3 трлн теңге бөлінді.
Бұл бастамаларды жүзеге асыруға қатысқан ведомстволардың бірі – ҚР Ұлттық банкі. Реттеуші үлесі 2,3 трлн теңгені немесе дағдарысқа қарсы іс-шаралар көлемінің үштен бірін құрады.
Отандық кәсіпорындарға жалпы сомасы 977,2 млрд теңге болатын 3 362 жеңілдетілген займ берілді. Бұл экономиканың басым салаларында, оның ішінде қайта өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істейтін кәсіпорындарға өндірістік әлеуетін сақтауға мүмкіндік берді.
Қолдау іс-шараларының арқасында 1,5 мың кәсіпкер іскерлік белсенділігін сақтап, 95 мыңнан астам азаматтың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік берді. Реттеуші бөлген қаражат 1,1 трлн теңгеге 11,5 мыңнан астам жобаны қаржыландыруға бағытталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыруға қатысты. Банк бағдарламаға бөлінген 1,1 трлн теңгенің 800 млрд теңгесін қамтамасыз етті. Бұл 2020 жылдың қорытындысында 6,5 мыңнан астам инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға жұмыс орындарын сақтап қалуға, еліміздің барлық өңірінде 238,9 мың уақытша және 6,6 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Экономика өсімінің қарқыны қайта қалпына келгеннен кейін Ұлттық банк мемлекеттік бағдарламаларды қолдаудан біртіндеп бас тарта бастады. Экономиканы кредиттеу бағдарламасынан шығу ең алдыммен қаржыландыру тек қана нарықтық принциптермен жүзеге асырылуы үшін қажет. Қаржы нарығының табысты дамуы ақша ресурстарының құнын нарық анықтайтын бәсекелестік ортаның қалыптасуымен тікелей байланысты. Реттеушінің кредиттеу бағдарламасына қатысуын жалғастыруы бақылаусыз инфляцияның өсуіне, валюта нарығының тұрақсыздануына, соның салдарынан ұзақмерзімді экономикалық өсімнің төмендеуіне алып келуі мүмкін.