28 сәу, 2021 сағат 11:05

Қазақстан "Самұрық-Қазына" қызметкерлері үшін Қытай екпесінің 1 млн дозасын сатып алды


«СҚ-Фармация» «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ ұжымын вакцинациялау үшін 1 000 000 доза мөлшерінде коронавирустық инфекцияға қарсы Hayat-Vax (SARS-CoV-2 (Vero Cell) вакцинасының партиясын сатып алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

«Sinopharm» компаниясы вакцинасының бұл партиясы Бірыңғай дистрибьютордың хабтарына жөнелтілгеннен кейін бірінші кезекте холдинг контингентінің қажеттіліктері үшін пайдаланылатын болады. 

Содан кейін Hayat-Vax вакциналарының қалған саны халық арасында вакцинация алғысы келетіндер үшін қолданылады.

Аталған вакцина келесі кесте бойынша жеткізіледі:

- 2021 жылғы 30 сәуіріне дейін 400 000 доза;

- 2021 жылғы мамыр айында 600 000 доза.

"Самұрық-Қазына" қорының сайтындағы ақпаратқа сай, алынған екпе "500 мың адамға салуға жетеді". Қор "жұмысшылары мен олардың отбасына толық екпе салуды көздейді". "Самұрық-Қазына" баспасөз қызметі "екпе шығарушыны таңдамағанын" айтты.

"СК-Фармацияның" мәліметі бойынша, "Самұрық-Қазына" алған екпе Hayat-Vax деп аталады және ол БАӘ еліндегі Gulf Pharmaceutical Industries Julphar компаниясында шығарылған. Препаратты Пекиндегі Sinopharm компаниясының биологиялық өнімдер институты жасаған.

"СК-Фармация" Азаттық агенттігіне бір доза 31,1 долларға алынғанын (жалпы құны – 31,1 млн доллар) хабарлаған. Ал денсаулық сақтау министрлігі екпенің Қазақстанда "уақытша тіркеу куәлігі" барын мәлімдеді.

Қазір Қытайдың CanSino, Sinopharm және Sinovac Biotech компаниялары коронавирусқа қарсы екпе шығарған. Ресми Пекин бұл екпелер әлемнің ондаған елінде егуге рұқсат алды дейді.

Биыл сәуірде Қытай өзі шығарған екпенің тиімділігі төмен екенін мойындаған. Бұл Қытай шенеуніктерінің екпенің қорғау мүмкіндігі төмен екенін алғаш мойындауы еді. Бразилияда жүргізілген зерттеу кезінде Sinovac екпесінің тиімділігі 50,4 пайызды көрсеткен.

"Самұрық-қазына" әл-ауқат қоры 2006 жылы квазимемлекеттік сектордағы ондаған компанияның бірігуінен кейін құрылған. Қордың активі 63 млрд долларды құрайды. Қор сайтында холдингтің миссиясы "Қазақстанның әл-ауқатын көтеру және болашаққа жағдай жасау" деп көрсетілген.

Қазір Қазақстан халыққа негізінен ресейлік "Спутник V" екпесі салынып жатыр. 26 сәуірден бастап Қазақстан ғалымдары жасаған QazCovid-in екпесі де салына бастады.

Анықтама: Алдын ала толтырылған шприцте немесе құтыда инактивацияланған «Sinopharm» Hayat-Vax (SARS-CoV-2 (Vero Cell) COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинасы, сақтау шарттары +2, +8 градус. 1 адамға вакцинаның 2 дозасын енгізу ұсынылады, екінші доза бірінші инъекциядан кейін 14 күннен соң жүргізіледі.

Өндірілген аймағы: Gulf Pharmaceutical Industries Julphar, БАӘ;

Жеткізуші - «G42 MEDICATIONS TRADING» LLC;

SARS-CoV-2 (Vero Cell) субстанциясы WEB (Wuhan Bio-Institute Biological Products Co. Ltd) және BIBP (Beijing Bio-Institute Biological Products Co.. Ltd) негізінде өндірілген екі өндіріс алаңы да Sinopharm-ге тиесілі.