Іс басындағы экологтар қауымдастығының өкілі Лаура Мәлікова ауа сапасын бақылау және AQ1 индексіне көшу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде Қазақстанда ауаны кім ластайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда ауаны кім ластайды? Бұл, біріншіден, жылу электр стансалары, электр энергетикасының кәсіпорындары, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары. Одан кейінгі орында тау-кен металлургия секторы тұр. 2019 жылғы деректер бойынша осы сектордан 760 мың тонна, мұнай өндіруден 520 мың тонна шығарынды қоршаған ортаға тасталған. Сонымен қатар, көлік және агроөнеркәсіп кешені бар. Жалпы, 2019 жылы атмосфераға 2,5 млн тонна қалдық шығарылды», - деді Лаура Мәлікова.
Шара барысында елімізде соңғы жылдары ауа тазалығын бақылау үшін ұдайы мониторинг жүргізілетіні айтылды. Жиынға қатысушылар ауа сапасын бағалайтын AQI-Air quality индексіне жаппай көшу мүмкіндіктерін де талқылады. Қазақстанда бұл индекс әлі заңнамалық деңгейде пайдаланылмайды. Бірақ әлем бойынша ауаның ластануын болжау үшін кеңінен қолданылып отыр.