Қазақстан соңғы 2 апта бойы коронавирус инфекциясының таралу тәуекелі жоғары аймақта тұр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдың 14 сәуіріндегі жағдайға сәйкес, Қазақстанда коронавирустың оң нәтижесімен 270 мыңнан астам, ПТР теріс нәтижесімен 51 мыңнан астам науқас тіркелген. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы 14 күн бойы тәуекелі жоғары, яғни, қызыл аймақта тұр. Сонымен қатар тәуекел жоғары аймаққа еліміздің 8 өңірі кіреді», - деді Марат Шоранов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Ол соңғы бір ай бойы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары қызыл аймақта тұрғандығына назар аудартты.
«Сәуір айында эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағаны байқалады. Сәуір айының басынына бері 29 200 жағдай тіркелді. Наурыз айымен салыстырғанда 2,8 есеге жуық өсім бар. Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда барлық өңірде ауру өсімі байқалады. Бұған қоса, науқастардың 60 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Алматы облысында тіркелген», - деді вице-министр.