31 нау, 2026 сағат 11:27

«Қазақмыс» «Жомарт» кенішінде 2,7 млрд теңгелік жоба іске асуда


Фото: kazakhmys

Қазақмыс корпорациясы «Жомарт» кенішіндегі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында промбазаны дамытуға бағытталған инвестиция көлемін ұлғайтты. Бөлінген қаражат желдету жүйелерін жаңғыртуға, қауіпсіздік құралдарын енгізуге және өндірістік нысандарды жаңартуға жұмсалуда. Атап айтқанда, кенішті дамытуға салынған инвестицияның жалпы көлемі 2,7 млрд теңгеден асып, негізгі бөлігі желдету инфрақұрылымын кеңейту мен жаңғыртуға бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz «Қазақмыс корпорациясы» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров жұмыс сапарымен «Жомарт» кенішіне барды. 

Сапар барысында өндірістік және инфрақұрылымдық мәселелер қаралып, тау-кен-капиталдық, үңгілеу және кен өндіру жұмыстарының барысы талқыланды.


Фото: kazakhmys

Кенішті дамытуға салынған инвестицияның жалпы көлемі 2,7 млрд теңгеден асады. Қаражат №3 желдету оқпанын тереңдетуге жұмсалады. Жоба аясында оқпанды арқаулау, сондай-ақ негізгі желдету қондырғысын орнатып, пайдалануға беру қарастырылған.

№1 және №2 негізгі желдету қондырғыларына күрделі жөндеу жүргізіліп, олар жобалық қуатқа шығарылды. Бұл шахтаға қосымша 200 текше метрге дейін таза ауа жеткізуге мүмкіндік береді.

Желдетуді жақсарту мақсатында диаметрі 2,5 метр болатын екі желдету шурфы қазылып, 156 метр тереңдікке ауа беру қамтамасыз етілді. Батыс және шығыс қапталдарда диаметрі 4,5 метр болатын тағы екі шурф қазу жоспарлануда. Олар 600 метрге дейінгі тереңдікке ауа жеткізуді қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар «СоюзГеоМех» ЖШС-мен мамандарды оқыту және компания кеніштеріне геомеханика бойынша заманауи стандарт енгізуді көздейтін ынтымақтастық мәселесі қарастырылуда.