30 сәу, 2026 сағат 17:13

Қазақконцерт әлем билеріне саяхат жасады

Фото: Қазақконцерт 
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақстан халқы бірлігі күні және Халықаралық би мерекесіне орай, сондай-ақ, қазақ халқының тұңғыш кәсіби бишісі, аңызға айналған Шара Жиенқұлованың шығармашылық мұрасына арналған «BIRLIK» би ансамблінің «BIRLIK-ЕДИНСТВО» концерті өтті.

Көрерменге әлемнің халықтарының дәстүрлерін бейнелейтін хореографиялық қойылымдар ұсынылды. Кеш бағдарламасында қазақ, орыс, тәжік, өзбек, түрікмен және өзге де халықтардың билері ұсынылды. Әрбір қойылым би қозғалыстары мен киім үлгілерінің этнографиялық дәлдігін сақтау мақсатында айрықша мән беріліп әзірленген. Іс-шараға «Наз» мемлекеттік би театры, «Вайнах» ансамблі, Үнді мәдени орталығы, «Нұрсәулемай» хореографиялық мектебі және «Gulder» ансамблінің балеті қатысты. 

Фото: Қазақконцерт 
Фото: Қазақконцерт 

Фото: Қазақконцерт 
«BIRLIK» ансамблі – Қазақстандағы әртүрлі этностар мен мәдениет өкілдерінің ерекшеліктерін көрсететін алғашқы көпұлтты өнер ұжымы. Ансамбльдің басты мақсаты – түрлі ұлттардың өнері мен мәдениетімен таныстыру. Өнер ұжымы құрылғанға дейін репертуарды қалыптастыру, әртүрлі ұлт өкілдері арасынан ең үздік бишілерді іріктеу бағытында кең ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді.