«Казахстанский» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшілері ұсталды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көпшіліктің қоятын басты сұрақтары, осының барлығының артында кім тұр? Ұйымдастырушылар кім? Тергеу бұл сұрақтарға міндетті түрде жауап береді.
Қазір біз бейбіт митингілерді әртүрлі күштер пайдаланғанын білеміз. Әрекеттердің үйлестірілгені анық. Негізінде, біздің мемлекетіміз «гибридті» шабуылға да тап болды. Ұйымдастырушылар өз жоспарларына деструктивті және қылмыстық топтарды тартты. Оларға қару беріп, іс-әрекеттерін үйлестіріп отырған. Қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 мүшесі ұсталды. Адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталды», - деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Сонымен қатар ол күні кеше ғана Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері «Казахстанский» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшілерін ұстағанын атап өтті.
«Олардан оқ-дәрімен бірге 15 атыс қаруы тәркіленді. Қазір олардың басқа да ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», - деді Бас прокуратура өкілі.