Әрбір тілдің дамуы ондағы сөздерді орнымен, мағынасын түсіне қолдану, көзкөрімге, оқып, жазуға ыңғайлы, ұғымды дәл беретін жаңа сөздер, терминдер жасауға да байланысты. Ал жалпы терминжасам, сөздік құру мәселесінде сала мамандары мен тіл мамандары бірлесіп жұмыс жасағанда қалың жұртшылық мұқтажын өтейтін еңбектер шығатыны белгілі. Сондықтан да әркім өз ісімен шұғылданғаны абзал.
Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін етек-жеңімізді жинап, бар-жоғымызды түгендей бастадық. Бұл жағдайда ең басты мәселе ана тілін дамыту, қазақ тілін қайнар бұлақтың суындай таза ұстау болатыны сөзсіз. Осындай жауапты кезеңде сөз қолданыстарына, тіл мәдениетіне, терминжасам мен аудармаға өте мұқият көңіл бөліп отыру қажет сияқты. Енді осылар жайында бірер сөз қозғасақ.
Қазіргі таңда қағидат (принцип), айқындама (позиция), тұғырнама (платформа), тұжырымдама (концепция), үдеріс (процесс), үрдіс (тенденция), информация (ақпар), (уведомление) хабарлама сөздерінің қазақша нұсқаларының бірінің орнына бірін қолдану үрдісі байқалады. Аударма барысында, баспасөз беттерінде, мысалы, процесті үрдіс, тенденцияны үдеріс түрінде ауыстырып жазып жіберетініміз жасырын емес. Принципті бірде қағидат, бірде ұстаным деп қолданамыз. Жақында Терминком тенденция (үрдіс) сөзінің орысша нұсқасын қайта бекітті. Хабарлама сөзі кейде информацияның, кейде уведомлениенің орнына жүреді. Терминком ссуда сөзін несие, кредит сөзін кредит деп бекітсе де соңғы кездері кредитті де несие деп айтып та, жазып та жүрміз, яғни ссуда да – несие, кредит те – несие.
Енді жаңадан жасалған біраз сөздердің қолданылу аясын, олармен түбірлес, яғни, сол сөздерден жасалған туынды, ұялас сөздердің, сөз тіркестерінің сөздіктерде берілуін сөз етіп көрелік.
Бәрімізге белгілі право сөзін құқық деп аудардық. Бұл сөздің қаншалықты сәтсіз жасалған аударма екендігін оны дыбыстап айтқан адамның кез келгені аңғаратыны анық. Құқықтық, құқықтану, құқықтандыру сөздерін былай қойғанда, құқық сөзін айтқанда өз басым екі рет «қақалғандай» боламын. Осы сөзге байланысты теледидардан өзім көрген бір түсірілімді айтқым келіп отыр. Ауылдағы мектепте қазақ балаларына ағылшын тілінен сабақ беретін, ал өзі сол балалардан қазақ тілін үйреніп жүрген американдық волонтёр қыз телевидениеге шақырылыпты. Өзінің Қазақстаннан алған әсерлері, қазақ тілінің сұлулығы, әуезділігі туралы сөз етіп отырған қызға жүргізуші сөз арасында «құқық» тәрізді және тағы сол сияқты құлаққа онша жағымды естіле бермейтін біраз сөздерді айтқанда, әлгі қыз көзі бақырайып, біраз абдыраған күй танытты. Міне, «құқығымыздың» сәтті еместігін содан-ақ білуге болады.
Жалпы осы құқық сөзін болашақта басқа сөзбен ауыстырған дұрыс болатын шығар. Халықтың ауызекі тілінде күн сайын хақы жоқ, оның бұлай істеуге қандай хақы бар, мұны істеуге менің де хақым бар деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Бұл дегенім – құқық сөзінің орнына неге хақ сөзін қолдана бермедік екен деген бір ой. Ал егер х дыбысы кірме десек, онда қ арқылы қақ деп айта берелік. Құқыққа қарағанда қақымыз әжептеуір тәуір естіледі емес пе. Белгілі терминолог К. Юсуф бір мақаласында құқықты хұқ деп қолдануды ұсыныпты. Ертеректе халқымыз бұл сөзді ықтияр деп те қолданыпты. Әйгілі сөззергері Ісләм Жарылғапов құқықтануды қарапайым ғана заңтану деп қолданған екен.
Журналистика, полиграфия саласында қолданылатын формат сөзін Терминком көлем деп бекіткен екен. Алайда кейбір сөздіктерді немесе күнделікті шығып жатқан кітаптардың соңғы беттерін қарасаңыз, бұл сөзді пішін, кейде пішім деп, тіпті қалып (қалыбы) ретінде жазу үрдісі белең алған, яғни сөздерді қолдануда бірізділік, реттелген тәртіп жоқ деуге болады. Оның үстіне көлем сөзі орыстың объем сөзінің нұсқасы ретінде тұрақтанып кеткен.
Документ сөзін өз тіліміздің байлығын пайдалана отырып, диалект сөзімізді терминдендіру арқылы құжат деп алдық. Бұл сөздің сәтті шыққаны соншалық, халық оны жатсынбай қабылдап, сөз бірден байырғы сөздердей қолданысқа еніп кетті. Алайда осы құжат (документ) сөзі арқылы жасалған кейбір сөздер мен сөз тіркестері сөздіктерде сол бұрынғы орысша нұсқасымен беріліп келеді. Мысалы, бланк документа-документ бланкісі, входящий номер документа-документтің кіріс номері және т.б. толып жатқан тіркестер.
Енді жаңадан аударылып, тілімізде қолданыс тапқан бірер сөздерге, сөз тіркестеріне тоқталып өтелік. Алдымен парсыларға еліктеп сынып деп аударып алған педагогика саласының термині класс сөзі жайында айтсақ (Бұл сөзнұсқа Елбасына да ұнамапты деген пікірді оқығаным бар). Аталған сөз, біріншіден, етістіктен жасалған, ендеше мұнда бір заттың атауын білдіруден гөрі өтіп кеткен қимылды білдіру мағынасы басым. Бұл сөздің орнына есім сөз берілгені дұрыс болар еді. Ал енді тарих, философия, техника саласында қолданылатын класты тиісінше тап, дәреже деп алыппыз. Дәреженің степень, положение деген аудармалары бар екен. Олай болса, педагогикамен техника саласындағы класс сөзіне бір ғана қазақша жіктеме немесе жіктелім сияқты бір сөзнұсқа берген дұрыс болар еді. Сөйлеммен мысал келтірер болсақ: Оның баласы екінші жікмемеде (жіктелімде) оқиды. Асқар – бірінші жіктемелі (жіктелімді) ұшқыш. Сонда бұл сөзіміз классификация сөзінің аудармасы ретінде қолданылып жүрген таптастыру, жіктеу сөздеріне жақындай түседі, яғни бірізділік пайда болар еді. Класс сөзінің де орысша нұсқасын Терминком қайта бекітті.
Енді аударуға еш «тісіміз батпай қойған» сөздерге келсек. Проблема сөзін туындыжай, мәселе, келелі мәселе, қайтадан проблема деп аударып көрдік. Мәселе дейік десек, вопрос сөзін де кейде мәселе деп аудару бар. Қазақта бұрыннан «шешімі қиын іс» мағынасын беретін түйткіл, гәп, дүдәмал, кілтипан, күрмеуі қиын т.б. сөз, сөз тіркестері бар. Тіпті бұлардан құралған түйткілді іс, түйткілді мәселе, мұнда қандай гәп бар, дүдамал шешім, мұнда бір кілтипан бар, кілтипаны бар іс, күрмеуі қиын мәселе, т.б тіркестер күнделікті қолданылып жүреді. Проблема сөзіне қазақша нұсқа ретінде түйткіл сөзі дұрыс келеді. Олай болса, проблема-түйткіл, проблемный вопрос-түйткілді мәселе болып шығады. Осылай деп жылдар бойы жиі болмаса де қолданып келеміз, бірақ көп мән бере бермейміз, сөйтіп сөзіміз қалтарыста қалып қалғандай болады, бар сөзді ескермей жата кеп сөз іздейміз. Әрине, бұлар бұрыннан бар, яғни қалтарыста қалып, өз сағатын күтіп жүрген сөздер.
Қызмет сөзі мен қызмет көрсету тіркесінің қандай кірме сөздердің аудармасы екенін өзіміз де білмей қаламыз. Қызмет сөзін біресе служба, біресе деятельность, услуга, кейде функция, должность, работа сөздеріне де тели саламыз. Қызмет көрсету тіркесін бірде обслуживание, бірде сервис, услуги сөздерінің аудармасы ретінде береміз. Осы тіркестен жасалған Станция технического обслуживания (СТО) тіркесі қазақша Техникалық жөндеу орталығы (ТЖО) болып дұрыс аударылмай жүргені белгілі. Бұл тіркес Техникалық қызмет көрсету стансасы (ТҚС) болып аударылып берілсе игі еді. Кеңес беру тіркесін бірде посоветовать, бірде рекомендовать, кейде консультировать сөздерінің нұсқасы ретінде бере саламыз. Болашақта жарыспалылықтан арылып, «бір кірме сөзге – бір төл сөзнұсқа ұсыну» ұстанымын жолға қойсақ болар еді. Сонда тіліміз әрі байи түседі әрі жарыспалылықтан, жалқаулықтан арыламыз.
Нұрлан Шүленбаев,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері
Арнайы Ұлт порталы үшін