Елордада өтіп жатқан Қазақ тілінде контент жасаушылардың дәстүрлі бесінші форумында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева интернеттің тіл тазалығына тигізетін әсері туралы айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әрине, мемлекеттік тілдегі медианың белсенді дамуы бірінші кезекте қазақтілді аудиторияның өсуіне байланысты. Себебі бұл - қоғам талабы. Сұраныс әрқашан да ұсынысты тудыратыны белгілі. Дегенмен, сан бар жерде сапа мәселесін де ұмытпауымыз керек. Өкінішке қарай, қазір арзан мәлімет таратуға әуес «сары» басылымдар деңгейі де, өзгергісі келмейтін онлайн медиа да жеткілікті. Қысқа уақытта мол қаралым жинауды басты мақсат ететін сайттар ақ-қарасын ажыратпай, жалған ақпарат беруге, бір-бірінен көшіріп басатын сапасы төмен аудармалармен бүкіл контентте тек қылмыс хроникасын тарататын «жаға ұстатар» жаңалықтарға ғана әуес», - деді министр.
Оның айтуына қарағанда, келешекте «Сөз түзер» қате тіркестер сөздігінің үлгісінде қате қолданылатын оралымдардың электронды базасы жасалмақ.
«Әрине, дәстүрлі басылымдардағы жазу тілі мен интернеттегі жазу стилінде айырмашылық бар. Көптеген ақпарат сайттардың мәліметтері қысқа әрі жеңіл жазуды таңдайды. Сондықтан, бүгінде «Интил» жазу формасы ұғымы пайда болды. Десе де, жылдам ақпарат таратуды ғана ойлайтын сайттарда көп жағдайда тіл тазалығы болмайды. Мұның өзі бірінші кезекте қазақ тілін интернет арқылы оқып үйренетін өскелең ұрпаққа кері әсерін тигізетіні анық. Бұл ретте биыл қыркүйек айында біздің министрліктің қолдауыман елімізде алғаш рет «Сөз түзер» қате қолданыстар сөздігі жинақ болып шықты. Аталған кітапқа қате қолданылып жүрген 3,5 мыңнан астам сөз тіркестері беріліп, 2 мыңнан астам нақты мысал берілген.
Қате сөз тіркестерінің дұрыс нұсқасы ұсынылған бұл оқу әдістемелік құрал ұлттық баспасөздегі қазақ тілінің қолданысын бір жүйеге келтіруге септігін тигізеті деп сенемін. Алдағы уақытта аталған сөздіктің электронды базасы жасалады», - деді Аида Балаева.