08 шіл, 2022 сағат 14:52

Қайрат Боранбаевты қамау мерзімі тағы бір айға ұзарды


Белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаевты қамау мерзімі тағы бір айға ұзарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"2022 жылғы 8 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қайрат Боранбаевқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасы мерзімін тағы бір айға ұзартты", - деді қалалық соттың баспасөз қызметі өкілі.

Айта кетейік, Қайрат Боранбаев - Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Оның ұсталып, екі айға қамалғаны наурыздың ортасында белгілі болған.

Боранбаев Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің қатарына кіреді. Байлығы – 519 миллион доллар. Ол 2000-2002 жылдары "ҚазТрансГаз" компаниясының атқарушы директоры және "Intergas Central Asia" коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры болды. Ол - "Қайрат" ФК бақылау кеңесінің төрағасы, елдегі ірі қонақ үйлері мен сауда орындары және өзге де ірі нысандардың иесі.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақындары, сондай-ақ айналасындағы шенеуніктер мен кәсіпкерлер түрлі себеппен қызметтерінен шеттетіліп, ықпалынан айырыла бастады.