07 нау, 2025 сағат 10:22

Қатыгез бала қайдан шығады?

Фото: acat.kz 
Жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы Ult.kz-те. 

Қазақ қоғамында жылдан жылға өзекті болып келе жатқан мәселе – білім беру ордаларындағы оқушылар арасындағы буллинг.  2024 жылдың өзінде мектепте болған 149 буллинг жағдайы  сотта қаралып, оларға қатысты процессуалдық шешім шығарылған. Бұл тек жария болғандары ғана. Соңғы жылдары буллинг зардабынан өз өзіне қол жұмсаған жасөспірім, физикалық, моральдық езгіден үлкен соққы алғандар баршылық. Бүгінгі таңда ата-ана, педагогтар ұжымы,  тұтас билік үшін ұрпаққа сапалы білім беру қаншалықты маңызды болса, кедергісіз, қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету соншалық маңызды болуы тиіс.

Билік

Буллингпен күреске заң  араласқанда ғана тиімді шешімін табады. Мәселен Швецияда буллинг бойынша оқушының арызына қатысты шара қолданбаған мектепті ата-ана бірден сотқа бере алады. Жапонияда  заң әр буллинг жағдайына толық тергеу жүргізуді мектеп құзіретіне   жүктеген. Ал АҚШ-тың кей штаттарында буллинг, кибербуллинг  қылмыстық санкциямен жазаланады.  Біздің елге де  оқушылар арасындағы буллинг жағдайлары бойынша заң жүзінде жаза тағайындалатындай жаңа баптар енгізілгені дұрыс.

Айта кетейік, 2024 жылы бала құқықтарын қорғау саласында 3 негізгі заң қабылданды. Сәуір айында 70-тен астам өзгерісті қамтитын «әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі»  туралы заңға қол қойылып, заң маусым айынан бастап күшіне енді. Ult.kz тілшісі бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Заитовтан «жаңадан қабылданған заңның күшімен балалар арасындағы буллингті азайта аламыз ба?» деп сұраған болатын. Депутат мәселені жазалаумен шешу мүмкін емес, оның алдын алу қажет екенін айтқан.

Тақырып бойынша: Мектептегі буллинг тәрбиеден кеткен қателік пе?

Мектеп

Мектеп тек қана білім емес, тәрбиенің де ордасы.  Мейлі мемлекеттік, мейлі жекеменшік мектеп болсын, әр мектеп оқушының қолайлы, әрі қауіпсіз жағдайда білім алуын қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе буллинг жағдайын алдын алу бағдарламасы әр мектептің ішкі тәртіптік шараларының басында болуы шарт. Тек қағаз жүзінде емес, әр оқу тоқсаны сайын анонимді сауалнама жүргізіп, сынып жетекшісі мен психологтың бақылауларын ескере отырып, мектеп іші, сынып іші ахуал мониторингін жүргізетін, қажет болған жағдайда агрессорлар мен жәбірленушілермен жұмыс істейтін арнайы топ жасақталуы маңызды. 

Еске салсақ, өткен айда Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Психология Қазақстандағы кәсіп және ғылым ретінде: проблемалары мен шешу жолдары» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті. Билік өкілдері мен сала мамандары мектеп психологтарының жұмысы шаш етектен және жалақысы төмен екендігі туралы мәселе көтерген. Олар мектептегі буллингпен күресті де қозғап, жәбірленуші тарап қана емес, күш көрсеткен баламен де психологиялық жұмыс қажет екенін айтты.

Тақырып бойынша: «Қазақстанда психологтардың көбі ғылыми негізге сүйеніп жұмыс істемейді» – клиникалық психолог


Психология мамандығы бойынша жоғарғы білім алған маман ретінде буллинг жағдайы бірден орын алмайтынын айтқым келеді. Ол өзгеге тиісу, келеке ету, орынсыз сынау, балағат сөз айту, қағып өту секілді сыныптың ішінде, сабақ кезінде, мүмкін мектеп дәлізінде болатын шағын кикілжіңдерден басталады. 

Мұғалім 

Мұндай сигналдарды байқаған мұғалім дер кезінде мәселені шешіп, әр тарапқа тәрбиелік бағыттарын нұсқап, түзетіп отыруы тиіс. Мұғалімнің міндеті мұнымен аяқталмайды. Әр оқушының көңіл күйі, ортадағы беделі, қатарластарымен қатынасы барлығы сабақ процессінде де байқалады.  Баланың тұйықталып кетуі, мазасыздығы немесе сабақ үлгерімінің нашарлай бастауы оның ішкі жай күйінен хабар береді. Мұны уақытылы байқап, жеке сөйлесіп, қажет болса ата анасын ескертіп, жария қылмай психологқа бағыттау әр мұғалімнің қолынан келетін жанашырлық, әрі педагог парызы. 

Ата-ана

 Ата-ананың негізгі міндеті бала асырап, қажетін тауып берумен шектелмейді. Ұрпағының болашақ тұлғасына іргетас боп қаланатын моральдық нормаларды үйретіп, өздері үлгі болып,  әлем бере алмайтын жылулық пен махаббатты өз перзентіне сезіндіру – нағыз  ата-аналық қамқорлық. Себебі,  әдетте буллинг жасайтын агрессор үйінде көрген модельді қайталайды. Ата-анасы өзгелерді менсінбей әңгіме айтып, басқаларға үстемдік жүргізгісі келсе, бұл бала үшін қалыпты әрекет моделі болып кетуі ықтимал. Ал көп жағдайда үйіндегі үлкендерден өзі қорлық көрген немесе өзі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болып, жақынын қорғай алмаған бала  бар өшін әлі келетін өзінен әлсіз қатарлас, кіші балалардан алады. Сол себепті кез келген әке-шеше баланың көз алдына нені үлгі қылып, қандай ой айтып, қандай сезім сыйлап жатқанын, оның салдары қалай боларын алыстан ойлауы тиіс. Бала тәрбиесіндегі еркелік пен еркіндіктің де орнымен болғанын қадағалау, өзгенің  жеке шекарасын, сезімдерін сыйлауды үйрету үлкен қатердің алдын алады. 

Жәбірленуші тараптың ата-анасына келер болсақ, баланы қанша жерден өзіміз жақсы тәрбиелеп, оны махаббат пен жылулыққа бөлесек те, бір қоғамда түрлі мінез құлық иелерімен бірге өмір сүріп жатқан соң, оны басқалардан толық қорғау мүмкін емес. Ең басты мақсат баламен әрқашан тұрақты байланыста болу. Оның күн сайынғы көңіл күйі мен жағдайынан хабардар болу үшін достық, сенімділік қатынас орнату қажет. Баланың түрлі ауыр сезімдерімен бір өзі қалмай, онымен бөлісетін, қолдау табатын ең жақын адамын ата-анасынан тапқаны жөн. Қандай отбасында өмір сүріп жатқанынан тәуелсіз өз қайғысымен бір өзі қалып, мәселе насырға шауып, әбден ушыққан кезде қорғаны, тірегі болмаған жасөспірімдер өз өздеріне қол жұмсаған талай оқиға ата-аналарға сабақ болсын. 

ПАЙЫМ

Дені сау, санасы сау, сапалы қазақтың тәрбиесіне ата-ана да, балабақша мен мектеп те, оны қадағалайтын заңнама жүзіндегі билік те бірдей жауапты.  Сау қоғамда барлығы бір біріне жанашыр. Әсіресе үлкені кішіге, мықтысы әлсізге.  «Бір баланы тәрбиелеу үшін бір ауыл керек» дейді қазақ. Сол себепті  бала қауіпсіздігін билік мектепке, мұғалім ата-анаға жауып қойып, бір-біріне сілтеп отыру үлкен жауапсыздық болар еді.  Ата-ана мен мектеп бірігіп, балалардың өз эмоциясын басқара алатын, оны ізгі мақсатқа жұмсайтын жанашыр тұлғаны тәрбиелеп шығаруы тиіс. Ал билік буллингке қарсы заңнама мен шараларды күшейтіп, ешқандай қылмыс жазасыз қалмайтынын көрсеткені жөн. Қоғамның әр мүшесі буллингке қарсы күресте бейжай қалмай, өзгеге құрмет мәдениетін қалыптастырса міндетті түрде оң нәтижеге жетуге болады. 


Динара Болат

Оқи отырыңыз: Бала еңбегіндегі ұл мен қыздың рөлі қандай?