Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек қазақстандық машина жасау саласында қандай өзгерістер барын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандық машина жасау саласы өсімнің өте жоғары динамикасын көрсетіп отыр. Өткен жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,1 пайыздық өсімді көрсетсе, машина жасау саласы 14 пайыздық өсімге жетті. Яғни, бұл сала – Қазақстан экономикасының негізгі драйвері болды деп ауыз толтырып айтуға болады. Осы жылдың жеті айының көрсеткіші бойынша бұл тенденция жалғасын тауып, Қазақстан экономикасы 4,3 пайызға өссе, машина жасау саласы 18 пайыздық өсімді, ал машина құрау саласының жеке, атап айтқанда, автокөлік құрау секторлары орасан зор – 156 пайыздық өсімге бір-ақ шарықтаған. Демек, бұл көрсеткіш Қазақстанның экономикасына айтарлықтай үлесін қосуда», - деді Жеңіс Қасымбек Нұр-Сұлтандағы Қазақстан машина жасаушыларының VII форумында.
Оның айтуынша, биыл 26 шілдеде Қазақстанның машина жасау саласының 2019-2024 жылға арналған Жол картасы бекітілген.
«Бұл құжат – саланы дамытудың стратегиялық келешегі, негізгі даму бағыттарын айқындаушы. Осы құжат арқылы отандық көлік құрау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырғымыз келеді. Әлбетте, жаңа технологияларсыз бұл жетістікке жету мүмкін емес. Негізгі басымдықтардың бірі отандық кәсіпорындардың экпорттық әлеуетін арттыруға, инвестиция мен салаға трансұлттық компанияларды тартуға бағытталады», - деді ол.
Вице-премьер өз сөзінде «Сарыарқаавтоөндіріс» кәсіпорны алдыңғы күні ғана Қытайда ірі келісімшартқа қол қойғанын атап өтті.
«Кәсіпорын өз капиталына әлемдік ең ірі компаниялардың бірі – «JAC» компаниясын енгізу бойынша келісімге келді. Ол компания жылына 1,5 млн автокөлік өндіреді. Біз Қостанайдағы алаң арқылы бірлесе автокөліктерді өндірмекпіз. Осылайша, біздің әріптестер келісім ЕАЭО, Орталық Азияға нарықтарына шығуға серпін берер деп сенім білдіруде. Яғни, біз бір-бірімізді толықтырып отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Жеңіс Қасымбек сонымен бірге 15 шілдеде «КамАз» кәсіпорнымен келісімге қол қойылғанын атап өтті.
«Бұл келісімдер арқылы ауыр жүк көліктерінің жетекші біліктердің құралын және шойын құймасын өндіруді көздейміз. Бұл айтулы жаңалық. Яғни, Қазақстан «КамАз» секілді көлікті өндіруші елдердің қатарына кіріп отыр», - деді ол.
Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда Қазақстан машина жасаушыларының VII форумы өтіп жатыр. Форумды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ұйымдастырған. Биыл форум «Машина жасау – Қазақстанды индустрияландыру драйвері» ұранымен өтеді.
Жыл сайын форумға Германия, АҚШ, Жапония, Италия, Чехия, Ресей, Қытай секілді ірі 20 мемлекеттің делегаттары қатысады. Осылайша, отандық кәсіпорындар елден шықпай-ақ шетелдік әріптестерімен кездесу өткізуге мүмкіндік алады.