Волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне есептеудің әдістемесін енгізу қажет. Бұл туралы бүгін Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Волонтерлер балалар үйлеріндегі балаларды қамқорлықтарына ала алады. «Саулық» бағыты арқылы медициналық волонтерлік дамып, науқастарға қамқорлық көрсетіледі. «Таза әлем» жобасы - бұл қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптауға үйрету. «Асыл мұра» бағыты волонтерлерді халқымыздың материалдық және рухани мәдени-тарихи мұрасын сақтауға тартады. «Қамқор» бағыты еріктілердің қарттар үйлерінде жұмысына бағытталған. «Білім» - бұл ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту. Ал «Үміт» жобасын Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыздың ерліктерін паш ететін құжаттарды іздеуге бағдарлауға болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы волонтер-заңгерлерді халықтың құқықтық сауатын арттыру жұмыстарына, құқықтық мәселелер бойынша азаматтарға консультациялық көмек көрсетуге тарту қажеттігін баса айтты.
«Үкіметтік емес ұйымдарды нақты қолдау үшін мемлекет әрбір бағыт бойынша гранттар бөледі. Волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне есептеудің әдістемесін енгізу де маңызды. Бұл әсіресе осы салада тұрақты жұмыс істейтіндерге қатысты. Меніңше, бұл өте маңызды», - деді ҚР Президенті.