01 мау, 2022 сағат 22:14

Қасым, Жомарт, Кемел: Ақтөбе облысында үшем дүние келді

© Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы

Ақтөбе облысында "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша Қасым, Жомарт, Кемел есімді үшем дүниеге келді. Дәрігерлердің айтуынша, қазір сәбилердің денсаулығы қалыпты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 36 жастағы Қарлығаш есімді тұрғын ЭКҰ арқылы үш баланың анасы атанды. Ол мерзімінен бұрын – жүктіліктің 36-шы аптасында босанған.

Нәрестелердің салмағы – 2 келі 620 грамм, 2 келі 270 грамм және 1 келі 925 грамм. Үшемнің ата-анасы Мират пен Қарлығаштың 13 жастағы қызы бар. Қазіргі уақытта қыздары інілерімен қауышатын күнді асыға күтуде.

"Үшем жансақтау бөлімінен анасының жанына ауыстырылды. "Шала туылған сәби күтімі" бөлімінде күтімнің екінші кезеңінен өтуде. Отбасылы жандардың ЭКҰ-ға жүгінуінің басты себебі – әртүрлі этиологияға байланысты ұзақ уақыт бойы бала көтере алмауы. Мират пен Қарлығаш жүктіліктің басталуымен қайталама мәселелердің орын алуына байланысты қосалқы репродуктивті технологияларға жүгінді. Ерлі-зайыптылар "Аңсаған сәби" бағдарламасының барлық критерийлеріне сәйкес келгендіктен, квота бірден берілді", – дейді облыстық перинаталды орталық директорының орынбасары Андрей Гайдай.

Айтуынша, көп ұрықты жүктілік бастапқыда асқынудың үлкен қаупін тудырады. Қарлығаш өзінің жүктілігіне өте мұқият және үлкен жауапкершілікпен қарады. Ұсынылған мамандарға барып, қажетті ультрадыбыстық скринингтер мен тексерулерден уақытында өтті. Нәтижесінде асқынулардың барлық тәуекелдерін азайтуға және жүктіліктің қолайлы ағымына қол жеткізді.

"Анасы мен үшемді үйіне шығару көптеген факторларға байланысты. Осы орайда біздің мамандардың негізгі міндеті – дене салмағының динамикалық өсуіне, нәрестелердің емшек сүтімен жеткілікті тамақтануына, дене температурасын тұрақты ұстап тұруға, ананың жаңа туған нәрестелерге күтім жасау және емізу дағдыларын игеруіне көз жеткізу. Апта соңына қарай біз ана мен жаңа туған нәрестелерді шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді дәрігер.

Сондай-ақ Андрей Николаевич Мират пен Қарлығаш үшемнің ата-анасы болатынын естіген сәтте қатты толқығанын жеткізді. Оларды жүктілік қалай өтеді, сәбилердің денсаулық жағдайы қалай болады деген сұрақтар мазалаған. Осы орайда перинаталды орталықтың дәрігерлері барынша қолдап, медициналық және психологиялық тұрғыда көмек көрсетті.

"Үшемнің ата-анасы ерте босанудың алдын алу, бала күтімі, оларды тамақтандыруға қатысты сұрақтар көп қойды. Біз өз тарапымыздан барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп бердік. Жаңа облыстық перинаталды орталығында үшемнің дүниеге келуі – біз үшін қуанышты жаңалықтың бірі. Одан бөлек сәбилерге Қасым, Жомарт, Кемел деген есім бергенін естігенде таңғалғанымызды жасыра алмадық. Және Жаңа Қазақстанның дамуымен байланысты екеніне қуандық", – деп сөзін қорытындылады Андрей Гайдай.

Айта кетерлігі, Ақтөбе облысында соңғы рет үшем осыдан 1,5 жыл бұрын дүниеге келген.