Қазақстандықтардың ақша аударымдарын тексеру мәселесі әлі талқыланып жатыр. Бұл туралы бүгін ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қаржы министрлігі Kaspi bank арқылы жасалатын ақша аударымдарына салық салады деп ойламаймын. Тек осы төлемдерден салық төленіп-төленбегенін көріп отырғысы келеді. Бұл мәселені Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі бірлесіп қарап жатыр. Қолма-қол ақшасыз төлем жасау көлемі ұлғайса, бюджетке түсетін кіріс те артуы керек деп ойлаймын. Бұл - қалыпты нәрсе, себебі ақша көлеңкелі экономикадан шығады", - деді Досаев журналистерге берген сұхбатында.
Ол бұл мәселе тек Kaspi банкке ғана емес, бүкіл банк секторына қатысты екенін қадап айтты.
"Көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бағытындағы бірлескен жұмыс қосымша табыс алу түріндегі оң нәтижелермен жалғасқанын қалаймыз. Бұл әзірге Қаржы министрлігінің ұсынысы ғана, банк қауымдастығымен талқыланып жатыр", - деді Ұлттық банк төрағасы.
Бұған дейін Қаржы министрлігі салықтан жалтарған кәсіпкерлерді анықтау үшін ақшалай аударымдар тексерілетінін мәлімдеген еді.
Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Kaspi Gold - төлем жасаудың ең жиі қолданылатын түрі. Алайда төлем жүйесі салық заңнамасының талабына сай емес.
Ведомство басында Kaspi.kz арқылы аударым жасауға тыйым салуды ойлапты. Бірақ, бұл ел экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін деген пайымға келген.