27 шіл, 2022 сағат 22:08

Кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков 10 жылдан кейін ақталды - Жоғарғы сот


Жоғарғы сот 2012 жылдан бері жазасын өтеп жатқан балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбековке қатысты істі тоқтатты, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облыстық соты прокурордың Қуат Сұлтанбековке қатысты сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты күшін жою туралы өтініштерін қарады.

"Прокурор Сұлтанбековпен жүргізілген тергеу нәтижесінде алынған дәлелдемелерді келтірді. Жауап алу және жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушілер мен куәгерлердің тергеу барысында және сотта  Сұлтанбековке жала жауып келгені анықталды.  Сұлтанбековті кінәлі деп таныған айғақ жалған екені дәлелденді", - делінген хабарламада.

Сұлтанбековтің үш қылмыстық іс бойынша толықтай ақталғаны белгілі болды.

Сондай-ақ, Сұлтанбековтің адвокаты Юлия Джафарова Tengrinews.kz тілшісіне оның қорғауындағы азаматтың Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторынан босатылғанын айтты.

Еске салайық, Сұлтанбековке 2012 жылы мамырда атыс қаруын заңсыз сатып алды, сақтады, тасымалдады деп айып тағылып, үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылған болатын.  Алайда, ол түрмеге тоғытылып, шешім шыққан соң, басқа да қылмыстық істері қарастырылып, нәтижесінде бірнеше үкімнен кейін бас бостандығынан айыру мерзімі 3,5 жылдан 21 жылға дейін өсті.  Сұлтанбековтің туыстары бұл оған жабылған жала мен қастандық болуы әбден мүмкін екенін мәлімдеді.