26 қаз, 2020 сағат 10:02

Қаржы пирамидаларының құрбандары жергілікті полицияға шағымдана алады – ҚР ІІМ

ҚР Ішкі істер министрлігі «Questra Holding ins», «Questra World», «Atlantic Global Asset Management», «five Winds Asset Managent» қаржы пирамидалары бойынша тергеуді жалғастыруда. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның сөзіне қарағанда, қаржы пирамидасының басшылары интернет желілерінде веб-сайттар құрып, ойдан шығарылған түрлі инвестициялық портфельдер сатқан. Алаяқтар портфельдің мерзімі аяқталғанда 300% дейін пайда табасыз деп жалған уәделер берген.

«Алаяқтардан мыңдаған қазақстандықтар зардап шекті. Зардап көлемі бір миллиард теңгеден асады. Осыған байланысты ІІМ тергеу департаменті «Questra Holding ins», «Questra World», «Atlantic Global Asset Management», «five Winds Asset Managent» компаниялар тобының алаяқтық қызметінен зардап шеккендердің барлығын ІІМ-ге (Нұр-сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 1 мекенжайына немесе 71-51-02, 71-42-94, 8-701-794-07-81, 8-701-113-56-92 нөмірлеріне) хабарласуды сұрайды», - деді Нұрділдә Ораз әлеуметтік желіде өткен онлайн брифингте. 

Сондай-ақ, алаяқтардан зардап шеккен өзге өңір тұрғындары тұрғылықты жері бойынша полиция департаментіне шағымдана алады.

Айта кетейік, бір аптада Қазақстанда жалпы саны 3424 қылмыс тіркелді. Полицейлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде 2198 қылмыс ізі суымай ашылды. Оның ішінде19 адам өлтіру, 38 тонау және 513 ұрлық фактілері әшкере болды.