21 ақп, 2022 сағат 13:54

Қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз сақтаған 451 адам ұсталды



ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Дәурен Қозыбақов "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу шарасы аясында азаматтардан қанша қару тәркіленгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтағаны және өзімен бірге алып жүргені үшін 451 адам ұсталды. 774 бірлік атыс қаруы, 7 737 дана арнайы құрал мен оқ-дәрі тәркіленді", - деді Қозыбақов ішкі істер министрлігінде өткен брифингте.

Мысалы, Алматы қаласында 1982 жылғы азамат жүргізген "Toyota Land Cruiser Prado" көлігі тоқтатылды. Салонда отырған 1976 жылғы жолаушыдан "МР-79-9ТМ" травматикалық тапанша, 1 оқжатар және 9 мм калибрлі 8 оқ табылды. Тапанша жауынгерлік оқтармен ату үшін қайта жасалған.

Сондай-ақ Алматыда 1996 жылғы азамат қолға түсті. Ол сарайына 3 иір ойықты және 10 тегіс ұңғылы қару, пневматикалық винтовка мен тапанша, бұдан бөлек 5 резеңке таяқ, ағаш бита, радиостанция, сапер күрегі мен қару-жарақ дүкенінен ұрланған түрлі калибрлі мыңнан астам оқ-дәрі жасырған.

Айта кетері, полиция қызметкерлері барлық өңірде "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу шарасын өткізіп жатыр.