ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов карантин кезінде отбасында жанжал шығаратындарды бақылаудың тәсілі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ерекше жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша қадағалаудың жаңа тәсілдерін әзірледік. Тіркеуде тұрғандар және құқық бұзушылыққа әуес адамдар қашықтан, яғни әлеуметтік мессенджерлермен видео байланыс арқылы тексерілді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, бұл тәсіл аталған адамдарды жедел бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жайында полиция органдарына жедел хабар беру үшін арнайы алгортим дайындалды. Онымен дәріханалар мен дүкендердің сатушылары, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа тап болуы мүмкін жандар таныстырылды.
«Нәтижесінде, өзін-өзі оқшаулау кезеңінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілікке 8 мыңнан астам құқық бұзушылар тартылды. Олардың арасында жартысына жуығы әкімшілік қамауға алынды», - деді Ә. Оспанов.