Жыл басынан бері мобильдік топтар жүргізген жұмыстың қорытындысы бойынша Қазақстанда карантин талаптарын бұзғаны үшін 9 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанына және 7 мыңға жуық жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтары мен 24 мамыры аралығында карантин талаптарының сақталуын бақылайтын топтар 89 829 рейд жүргізді. Аталған іс-шаралармен 559 001 нысан қамтылды. Тексеру нәтижесінде шектеу талаптарын бұзған 15 679 нысан анықталды.
Карантин тәртібін жиі бұзатын кәсіпкерлердің бестігінде Шығыс Қазақстан (3871 нысан), Түркістан (2442 нысан), Алматы (1003 нысан) облыстары мен Алматы (2163 нысан) және Шымкент (1700 нысан) қалаларының бизнес субъектілері бар.
Сондай-ақ, мониторинг топтары 2 769 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 2 546 ұйғарым берді, сотқа 292 материал беріліп, 75 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды.
«8 946 нысанға және 6 696 жеке тұлғаға жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеден асатын әкімшілік айыппұл салынды»,-делінген хабарламада.