Сарыағаш ауданының полицейлері рейд барысында Жетісай-Шымкент тасжолы бойында түнгі уақытта букмекерлік кеңсенің жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Тексеру барысында ойынхана ішінде 4-5 адам болған, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша тіркелді.
Сондай-ақ, заңға қайшы келетін заттар болуы мүмкін екені ескеріліп, ойынханадан 6 дана процессор, 2 дана ойын аппараты мен чек-фиксаторы айғақ зат ретінде тәркілеп алынды. Сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер ойынханаға қатысты мән-жайды толық тексеруде.
Сонымен қатар, сарыағаштық полицейлер ойынхана иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы» бойынша хаттама толтырды.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға және кәсіпкерлерге карантин талаптарын яғни бетперделік режим мен арақашықтықты сақтауды, әсіресе заңсыз ойынханалар ашып, жастардың санасын улауға жол бермеуді ескертеді.