Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әлеуметтік-экономикалық нысандарға қандай шектеулер алынып тасталғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қызыл» аймақтағы супермаркеттердің, гипермаркеттердің жұмыс уақытына қатысты шектеулер алынып, ашық базарлардың демалыс күні жұмыс істеуіне рұқсат берілді. «Қызыл» және «сары» аймақтардағы діни нысандардың қызметіне жабық үй-жайда ұжымдық іс-шаралар өткізбей, ашық ауада қызмет көрсетуіне рұқсат етілді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, «жасыл» аймақтағы мейрамханалар, дәмханаларға, кофеханаларға таңертеңгі 7-ден түнгі сағат 02-00-ге дейін рұқсат берілді. Бұл ретте аталған нысандардан бір уақытта 50-ден артық адам болмауы тиіс. Сонымен қатар «жасыл» аймақтағы компьтерлік клубтар, боулингтер толымдылығы 30 пайызбен жұмыс істей алады. Ал «сары» аймақта көрермендердің қатысуымен спорттық іс-шаралар өткізуге рұқсат берілді. Бұл ретте спорттың іс-шара өтетін орын не бәрі 15 пайыз толымдылықпен қызмет көрсетуі қажет.
«Қызыл» аймақтағы жазғы алаңдарға 9-00-ден 20-00-ге дейін 50 пайыз толымдылықпен, «сары» аймақта 07-00-ден 24-00-ге дейін 50 пайыз толымдылықпен, «жасыл» аймақта 07-00-ден 02-00-ге дейін 50 пайыз толымдылықпен жұмыс істеуге рұқсат берілді. Сонымен қатар «қызыл» аймақтағы асхана үлгісіндегі қоғамдық тамақтану нысандары 24-00-ге дейін, «сары» және «жасыл» аймақтарда тәулік бойы жұмыс істей алады», - деді Алексей Цой.