04 қаз, 2021 сағат 18:43

Қарағандылық фермер көршісінің жылқыларын атып тастаған


Қарағанды облысында фермер көрші шаруашылықтың иесіне тиесілі төрт жылқыны атып өлтірді. Жануарлар оның астық алқабына түсіп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

30 қыркүйекте Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының полиция басқармасы Ғ.Мұстафин кентінің полиция бөліміне 62 жастағы шаруа қожалығының басшысынан арыз түскен. Ол белгісіз біреу оның төрт жылқысын атып тастағанын хабарлаған. Шығын сомасы 3 млн теңгені құрады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы аттанды.

«Полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол басқа шаруа қожалығының 71 жастағы басшысы болып шықты. Фермер жылқылардың астық алқабында жайылып жүргенін және оларды қорқыту үшін атыс қаруын қолданғанын түсіндірді. Полиция күдіктіден тіркелген аң мылтығын тәркіледі. ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

ҚР ҚК-нің аталмыш бабы бойынша фермерге 2000 АЕК (1 АЕК – 2917 теңге) немесе 5 834 000 көлемінде айыппұл салынады немесе екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.