Бұрын Қарағанды фармацевтикалық кластеріне берілген "Фитохимия" ғылыми-өндірістік кешені мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Институттың маңызы мен әлеуеті зор. Ішкі аудит қызметінің тексеру жұмысы келісімнің мемлекетке тиімсіз екенін көрсетті, мүліктік кешенді бағалауға, оның құны мен бөліп төлеуге қатысты сұрақтар туындады. Сол себепті мемлекет меншігіне қайтару бастамасы көтерілді. Тиісті құжатқа қол қойылып, рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Қарағанды қаласының саябақ аймағындағы жерлерді қаланың орталық саябағының бір бөлігі ретінде мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылатын болады" - деп жазды министр өзінің Telegram каналында.
Айта кетейік, "Фитохимия" ғылыми-өндірістік кешені 1995 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қолдауымен ашылған. 2005 жылы сол кездегі Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Фитохимия" ғылыми-өндірістік орталығы" АҚ болып, ал кейіннен (2009 жылы) "Фитохимия" халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі" АҚ болып қайта құрылған.