Қарағандыда синтетикалық есірткі жасаумен айналысқан үш жасөспірім ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қарағандыда есірткі бизнесімен күрес қызметкерлері синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана ұйымдастырған үш жасөспірімді ұстады. Олар бұл үшін арнайы пәтер жалдаған. Тінту барысында арнайы құрылғылар мен химиялық реагенттер тәркіленді. Сотқа дейінгі іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Ішкі істер министрлігі ата-аналарға бала тәрбиесіне көңіл бөліп, оларды қараусыз қалдырмауға және мінез-құлқын бақылауға кеңес береді», - деді Нұрділдә Ораз әлеуметтік желіде өткен онлайн брифингте.
Ресми өкілдің айтуынша, бұған дейін Қарағандыда синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған шетел азаматы ұсталған. Полиция одан 750 грамм синтетика тәркілеген.
Айта кетейік, бір аптада Қазақстанда жалпы саны 3424 қылмыс тіркелді. Полицейлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде 2198 қылмыс ізі суымай ашылды. Оның ішінде19 адам өлтіру, 38 тонау және 513 ұрлық фактілері әшкере болды.