24 қыр, 2021 сағат 14:35

"Қарағандыда құлдықта ұстады": полиция видеоға қатысты пікір білдірді


Әлеуметтік желіде Павлодар облысының тумасы өзін Қарағандыда еңбек құлдығында ұстағаны жөнінде мәлімдеген видео тарады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Павлодар облысының тұрғыны бейнеөтініш жазып, онда ол Қарағандының маңында еңбек құлдығында ұсталғаны туралы хабарлайды. Ер адам оның жұмыс берушісі атқарған жұмысы үшін қарызын төлемегеніне, сондай-ақ оны бірнеше ай бойы ұрып-соғып отырғанына шағымданады.

"Тамыз айында мен Маратқа жұмысқа орналастым. Железин ауданына барып, онда бір нысанды өңдедік. Мен одан жалақы сұрадым, бірақ ол ақша төлемей, мені ұрды. Содан кейін Қарағандыға екінші нысанға бардық. Ол жерде де бірге жұмыс істедік. Мен одан тағы жалақымды сұраған едім, ол мені тағы таяққа жықты. 21 қыркүйекте мен түскі уақытта қашып кеттім. Марат менің ұялы телефонымды тартып алды. Сондай-ақ, менің құжаттарым, жеке заттарым сол жерде қалды. Бригаданың алты адамынан қазір екі адам қалды. Біреуі - Қырғызстан азаматы. Біз жұмыс істеп, істеген жұмысымыздың ақшасын сұрасақ, олар бізді ұрып-соғады. Менің жалақымды толығымен төлеуге көмектесуді және оны ұрып-соғу дерегі бойынша жауапқа тартуды сұраймын", - дейді ер адам.

Видеоны Қарағанды облысының полиция департаменті зерттеді. Ведомство қызметкерлері видео авторының жеке басын анықтағанын, қазіргі уақытта оның орналасқан жерін анықтап жатқанын хабарлады.

"Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында ер адамның істеген жұмысы үшін ақша төлемеу және жұмыс беруші тарапынан ұрып-соғу дерегі бойынша видео өтініші жарияланды. Аталған дерек Қарағанды қаласының полиция басқармасында тіркелді. Полиция қызметкерлері видео авторының - Павлодар облысының 41 жастағы тұрғыны екенін анықтады", - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.