17 сәу, 2021 сағат 08:28

Қарағандыда 5 есірткі зертханасын құрған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

Қарағанды полицейлері трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қылмыстық топты ұстау барысында олардан 70 келі синтетикалық есірткі мен 3,5 тонна пркурсорлар табылды. Ұйымдасқан топ еліміздің 5 облысында жүйкеге әсер ететін заттарды саудалаумен айналысқан.

Есірткі заттарының заңсыз айналымымен айналысатын тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы арнайы жедел-тергеу тобын құрды. Олардың жұмысының нәтижелері бойынша ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің көмегімен Қазақстан Республикасының 5 облысының аумағында жұмыс істейтін 5 есірткі зертханасын құруға қатысы бар 10-нан астам адам ұсталды.

«Қылмыстық істі тергеу барысында осы зертханаларды ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола отырып, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының, ТМД елдерінің және алыс шетелдердің аумағында психотроптық заттарды дайындаумен, сақтаумен, тасымалдаумен және өткізумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топ құрғаны анықталды. Сондай-ақ, «Телеграмм» және «Сигнал» мессенджерлері арқылы Қазақстан аумағында жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшесін басқарумен және үйлестірумен айналысқан», - деп атап өтті Полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин. 

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ кураторлары психотроптық заттарды шетелден Қазақстан Республикасына жеткізу арнасын ұйымдастырған, психотроптық зат сұйық болған және автомобиль майлары мен қосалқы бөлшектер, алкогольді ішімдіктер, тұрмыстық заттардың, майлы радиаторлар мен өрт сөндіргіштердің ішіне құйылып логистикалық фирмалар арқылы тасымалданған. 

Трансұлттық ұйымдасқан топтың қатысушыларынан құрғақ және сұйық түрінде алынған синтетикалық есірткілердің жалпы саны 70 келіден астам дайын затты және 3,5 тоннадан астам прекурсорларды құрайды. 

Трансұлттық ұйымдасқан топты ұйымдастыру және басшылық ету фактісі бойынша ҚР ҚК 264-бабының 1 және 2-тармақтары негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.