Қарағанды облысы Шет ауданының екі тұрғыны 174 миллион теңгеге алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Олар өздеріне сеніп тапсырылған жылқыларды сатып жіберген. Аталмыш іс бойынша барлығы 50-ден астам жәбірленуші тыңдалып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бақташылар 2007 жылдан 2020 жылға дейін жылқыларды бағумен айналысқан. Осы уақыт ішінде олар 507 бас малды сатып, айырбастап, «жоғалтып» жіберген. Жылқы иелері мал санының жетіспейтінін тек 2020 жылдың қараша айында білген.
«Күдіктілердің екеуі де Шет ауданының тумалары. Олар жылқыларды бағумен айналысқан. Жылқы иелерімен жазбаша келісім болмаған. Ауызша келісім бойынша бағумен айналысқан. Адамдар оларға жерлес болғандықтан сенген. Мал жаю кезінде әлгілер 507 жылқыны сатып және айырбастап үлгерген. Сонымен қатар, кейбір жылқыларды тірідей, ал кейбірін сойып сатқан. Ол жайлы мал иелері білмеген. Бірнеше адам бір жылқыға ие болған жағдайлар да болды, себебі оны бақташылар бірнеше рет алмастырып отырған. Сондай-ақ нақты қанша рет төлдеп, қанша құлын барын жасырып келген. Мысалы, бие осы жылдар ішінде 13 рет құлындаса, бақташылар бар болғаны 5 құлын жайлы ғана айтқан», - дейді Қарағанды облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Қанат Сайлауұлы.
Шопандардың алаяқтық әрекеттері тек 2020 жылдың қараша айында ашылды. Соғым сою маусымы алдында бірнеше жәбірленуші малдарын әкелуді сұраған. Ал малды айдап алып келе алмаған кезде, жылқы иелері бұл жерде шикілік барына күдіктеніп, мәселені анықтай бастаған. Шындықты білген бетте жәбірленушілер бірінен соң бірі жергілікті полиция бөліміне өтініш жаза бастаған.
«Егер жылқы иелері ай сайын жануарлардың бар-жоғын тексеріп, оларға таңба салып отырса, алаяқтықты ертерек анықтауға болар еді. Адамдар белгілі бір жылқысын алып келуді сұрағанда, олар үйір алыста жайылып жүргенін айтып сылтауратқан. Кейбіреулер тіпті жылқыларын танымаған. Оларға бақташылар басқа жылқыны көрсете салған», - дейді Қанат Сайлауұлы.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі «Ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер олардың кінәсі толығымен дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Күдіктілер кінәні ішінара мойындады. Осы айдың соңына дейін іс бойынша тергеу жүргізу аяқталады және ол сотқа беріледі», - деп қосты аға тергеуші.