21 шіл, 2022 сағат 13:26

Қарағанды ​​облысында кеншілер ереуілге шықты

Фото: ekaraganda.kz

Қарағанды облысы Шет ауданы Ақжал кентінде кеншілер жалақыны көтеруді және кәсіпорындағы еңбек жағдайларын жақсартуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Нова Цинк» ЖШС қызметкерлері жалақыны 50%-ға арттыруды талап етуде. Кеншілердің айтуынша, олардың жалақысы бірнеше жылдан бері көтерілмеген және қазір олардың орындап жатқан еңбек көлеміне сәйкес келмейді. Сондай-ақ қызметкерлер аутсорсингтік компаниялардың жұмыстарын (түрлі қызметтер, Жөндеу жұмыстары) «Nova-Цинк» ЖШС қызметкерлеріне тапсыруды талап етеді.

Белгілі болғандай, мұндай ереуілдер бұрын жеке цехтарда болған. Өткен жылы да жалақыны көтеру туралы әңгімелер жүргізілген, алайда бәрі сөз жүзінде ғана қалған.

«Нәтиже жоқ ешқандай. Жарты жыл ішінде бізге қалыпты еңбек жағдайлары мен жалақыны көтереміз деп уәде етілді. Қазір барлық қызметкерлер ереуілге шықты. Біз жалақыны 50% - ға арттыруын талап етеміз. Біздің жұмыс жағдайымыз өте ауыр», - дейді ереуілшілер.

Оқиға орнына Шет ауданы әкімінің м.а. Дәурен Карсембаев пен аудан прокуроры Елдос Жаппар келді. Бұл оқиға туралы облыс басшылығы да хабардар.

«Келіссөздер қорытындысына сай ұйымдастырушылық мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді, қалған мәселелер 3 тамызға дейін шешілетін болады. Қазіргі уақытта кәсіпорын қызметкерлері өздерінің жұмыс орындарына шығып, өз міндеттеріне кірісті», - деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.