Қарағанды облысында полицейлер үш адамды өлтірген күдіктіні «ізін суытпай» қолға түсірді. Қаскүнем мұндай әрекетке үй иесімен жанжалдасып қалған соң барғанын мойындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
13 тамыз күні сағат 15:40 шамасында Қарағанды облысы, Шет ауданы Ағадыр кентіндегі жеке үйлердің бірінен денелерінде пышақ жарақаттары бар 58 жастағы үй иесімен оның 59 жастағы жолдасы және 21 жастағы қызының мәйіттері табылды.
Оқиға орынына Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаров бастаған жедел тергеу тобы және облыстық прокуратураның қызметкерлері шықты.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызмектерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы адамды «ізін суытпай» ұстады. Ол арадағы сөзге келіспеушілік барысында жәбірленушілерге пышақ жарақатын салғанын мойындады», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.