05 нау, 2022 сағат 12:03

Қарағанды облысында барымташылар үй малын атып, ұрлап отырған


Қарағанды облысында малды атып ұрлады деген күдікпен бірнеше адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Polisia.kz-тің жазуынша, 1 наурыздан бері Қарағанды облысында «Скотокрад» республикалық жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. 

«Алғашқы үш күннің өзінде ғана полиция қызметкерлері тоғыз рет мал ұрлаған сегіз ұрыны ұстады. Бұрын жасалған 14 қылмыстың беті ашылды. 11 рет мал ұрлаған екі қылмыстық топ әшкере болып, ұсталды. Шет ауданында 2020 жылы малды атып, әкетіп отырған топ ұсталды. Олардың бұл әрекетінен 2, 4 млн теңге шығын келген. Тінтіу кезінде олардан тіркелмеген атыс қаруы мен заттай айғақтар тәркіленді», – дейді Қарағанды полиция департаментінің бастығы Әбіл Әбілдин. 

Ал Ұлытау ауданында 2021 жылы 3 млн теңгенің ірі қарасын ұрлады деген күдікпен екі адам ұсталды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы бойынша (Мал ұрлығы) қылмыстық іс қозғалған.

Күдіктілердің қылмысы дәлелденсе, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылып, мүліктері тәркіленуі мүмкін. 

«Мал ұрлығына тосқауыл қою үшін республикалық және облыстық маңыздағы тасжолдарда блокбекет орнатылғанын айту керек. Бүгінге дейін 90 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды», - дейді полицейлер.