11 қаз, 2021 сағат 12:02

Қарағанды аттракционындағы өлім: Полиция қылмыстық іс бабын ауыстырды



Қарағанды аттракционында әйелдің қаза болуына байланысты оқиғада жаңа мән-жайлардың анықталуына орай қылмыстық іс бабы қайта ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жексенбі күні «Созвездие» қонақүйінің аумағында жазатайым оқиға орын алған болатын. 9 қабатты қонақүйдің шатырына орнатылған аттракционнан, яғни 25 метр биіктіктен секірген әйел жердегі бетонды құрылысқа құлады. Ол ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Медициналық көмекке қарамастан, әйел қайтыс болды.

Бұған дейін полиция қызметкерлері 32 жастағы әйелдің өліміне байланысты ҚР ҚК-нің 306-бабы 1-бөлігі «қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

Алайда, жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қылмыстық іс ҚР ҚК 306-бабының 1-бөлігінен ҚР ҚК 306-бабының 3-бөлігіне қайта ауыстырылды. Аталмыш баптың үшінші бөлігіне сай «Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеттер» бойынша айып тағылады. Айыпталушыға төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

«Тергеу жүргізілуде. Осы қылмыстық іс аясында полицейлер аттракционды ұйымдастырушының осы қызмет түріне лицензиясы бар-жоғын, қауіпсіздік ережелері сақталғанын анықтайды», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен.