Қара бетперде тағып, мұқтаж жандарды қуантып жүрген жігіт қатерлі ісікке шалдыққан баланың арманын орындады, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.
Қара бетперде киіп қайырымдылықпен айналысып жүрген жігіт ауыр науқасқа шалдыққан он жастағы балақайды қуантты. Бетперде киген жігіттің айтуынша, ақпан айының басында еріктілер бір отбасының ауыр жағдайын айтқан. Бұл отбасы "времянка" аталып кеткен шағын үйдің бір бөлмесін жалға алып тұрады. Айына 25 мың теңге төлейді. Үй иесінің төрт баласы бар. Өзі үшінші топтағы мүгедек, көзі дұрыс көрмейді. Соған қарамастан 28 жылдан бері базарда арба сүйреп, отбасын асырап жүр. Әйелі үйде балаларына қарайды.
Ал үшінші ұлы қатерлі ісікке шалдыққан. Қазір ісік үшінші сатыға өткен, ем алып жүр. Қайырымды жігіт отбасының жағдайын көзімен көрді. Бейнежазбаға түсіріп алды. Видео Instagram-дағы Chelovekvmaskee парақшасында жарияланды.
"Үш жылдан бері тек аурухананы көрдім. "Әлі де басыңда ісік бар" деді, химия алып жатырмыз" деп жылаған баланың видеосы көпшіліктің жүрегін ауыртты.
Балақай ата-анамды Меккеге апарсам деп армандайды екен.
"Отбасының жағдайын көзімізбен көргеннен кейін көмектесуге бел байладық. Өзіміздің, демеушілерің және халықтың да қаржысы бар, баланың арманын орындауды ұйғардық. Алғашқы барғанда еміне қаражат берсек, екінші барғанда баланың арманын ақиқатқа айналдыруға тырыстық. Меккеге қажылыққа сертификат және төрт бөлмелі үйдің кілтін тапсырдық", - дейді бетперде таққан жігіт.
Мұндай тосын сый отбасын ерекше қуантты. Әсіресе балақайлардың қуанышында шек болмады. Кеше үй иесі жаңа қонысына көшіп барыпты. Бетперде таққан жігіт осы қуанышты сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салды. Бейнежазба желі қолданушыларының жүрегін елжіретті.
Бірі "Осы отбасы ерекше жүрегімді ауыртты. Ары қарай не болады деп. Осындай қуаныш бұйырыпты. Алла ұлық" деп жазса, енді бірі жігітке ақ тілегін жаудырған.
Қайырымды жігіттің айтуынша, мұқтаж жандарға арнайы есеп-шот ашылмайды.
"Алайда қаржылай қолдау білдіремін дегендер өз еріктерімен ақша аударады. Ал негізгі көмек өзімізден және демеушілер тарапынан болады. Еліміздің кез келген өңіріндегі қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созуға тырысамын", - дейді жігіт.
Құпия жігіттің өзі Орал қаласынан екен.