Бүгін Қапшағай қаласының соты Даркембаев А. есімді азаматты 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сотталушы жаяу жүргіншіні қағып, жәбірленуші алған жарақаты салдарынан көз жұмған.
ҚР ҚК 345 бабы 3 бөлігі бойынша кінәлі деп танылған Даркембаев сонымен қатар жәбірленуші тарапқа 1 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ, ол 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айында әлеуметтік желіде видео жарияланған болатын. Ол жерде қараңғыда жаяу жүргінші жолынан өтіп бара жатқан адамды көлік қаққанын көруге болады. Жәбірленуші алған жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды.
Заңға сәйкес, мұндай қылмысты жасаған адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ сотталушының өз кінәсін толық мойындап, болған қайғылы жағдайға қатты өкінетінін, сондай-ақ оның бұрын сотталмағаны және кішкентай баласының болуы оның жазасының жеңілдеуіне себеп болған.
Үкім күшіне енген жоқ.
Сондай-ақ сот жәбірленуші тарапқа материалдық шығынды да өндіруге құқығы бар екенін ескертті. Енді жәберленушілер келтірілген шығындарды дәлелдей отырып азаматтық сотқа шағым түсуруі қажет.