Қаңтар оқиғасына қатысты 514 күдікті адам қамауда отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы қаңтар оқиғасы бойынша сотқа 392 қылмыстық іс жолданып, ол бойынша 445 адам сотталды. Билік өкілдеріне қарсы күш қолданып, мүліктерді жоюға байланысты ауыр қылмысты жасаған, залалды өтемеген және өтелмеген соттылығы бар 46 сотталушы бас бостандығынан айырудың нақты мерзіміне сотталды. Қазіргі уақытта 514 күдікті қамауда», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның айтуынша, аталған адамдар қиратуға, ғимараттарды өртеуге, атыс қаруларын жымқыруға, мемлекеттік объектілерге және құрылымдық күш қызметкерлеріне шабуылға белсенді түрде қатысқан.
Әрбір қамауға алынған адамның қылмысқа қатысы бар-жоғы жөнінде жеткілікті мәліметтер бар.
Олардың бәріне қорғалу құқығы, санитарлық нормалар, тамақтану, дәрі-дәрмек және ұстаудың тиісті жағдайлары қамтамасыз етілген.
«Жеке басын, денсаулық жағдайын және басқа да мән-жайды ескере отырып, 284 адамның қамауда ұстау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа және жеке кепілгерлікке ауыстырылды», - деді Бас прокуратура өкілі.