05 ақп, 2022 сағат 18:35

Қаңтардағы оқиғалар: Желіде жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерге шабуылдаған видео тарады


Желіде қаңтардағы оқиға кезінде тәртіпсіздікке қатысушылардың жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктеріне шабуылдаған видеосы пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кадрдан қолдарына таяқ ұстаған адамдардың өрт сөндіру көлігінің терезесін сындырып, оның жолына тосқауыл қойып жатқаны және жүргізушіні шығарып алмақ болған сәтін көруге болады. Дәл сондай жағдай жедел жәрдем көлігімен болған. 

Бұған дейін желіде Алматыда полицейлер мен әскерилерге шабуылдаған жаңа видео тараған болатын. 

Еске салайық, 1 қаңтарда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сағат 17:20-да қала әкімдігінің алдында тұрғындар жиналды. Олар ел басшылығына видеоүндеу жасап, сұйылтылған газ бағасын түсіруді сұрады. Сол күні сағат 18:00-де адамдар тарады. 

Содан кейін 2 қаңтарда наразылық білдірушілер саны жүздеген адамға артты, ал акцияға қатысушылар ішкі жолды жапты. Құқық қорғау органдары күш қолданған жоқ. 

3 қаңтардан бастап наразылық білдірушілер басқа қалаларда және өңірлерде шыға бастады. Сол күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында басқа жеті өңірде - Атырау, Ақтөбе облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, БҚО, Алматы облысы мен ШҚО-да «бейбіт» митингтер басталды. 

4 қаңтарда митингтер жалғасты, ал өңірлер саны 11-ге жетті. Қатысушылар саны 37 мың адамға дейін өсті. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар жасалды.