05 ақп, 2022 сағат 14:20

Қаңтар трагедиясы: Алматы тұрғындары қару сатпақ болғандарды полицияға ұстап берген


Ішкі істер министрлігінің арнайы мамандары қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысы бар адамдардың тұлғасын анықтау үшін оқиға орындарында алынған саусақ іздерін зерттеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты.

«Қазір ІІМ-нің криминалистері алынған іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басын анықтап жатыр.

Тергеушілер 15 мыңнан астам тергеу әрекетін жүргізді. Оның ішінде жәбірленушілерден, куәлар мен күдіктілерден жауап алу, беттестіру, қарап-тексеру, тінту және тағы басқа шаралар орындалды.

Тергеу органдарына дәлелдемелерді жинауға және құқық бұзушыларды ұстауға көмектесетін азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін», - деді Санжар Әділов.

Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына осы бағытта көмек көрсеткен алматылықтардың батыл әрекетіне жеке тоқталды.

«Мәселен, Алматы облысындағы елді-мекендердің бірінде тұрғындар ұрланған қарудың 6 данасын сату әрекетінің жолын кесіп, полицияға тапсырды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдіктілер қамауға алынды. Олардың Алматыдағы әуежай ғимаратындағы сауда объектілерін тонауға да қатысы бар екені анықталды», - деді ІІМ өкілі.