30 мау, 2022 сағат 19:18

Қаңтар оқиғасында ұрланған қару-жарақ жасырылған 120 орын табылды - ІІМ


Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару жасырылған 120 орын табылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ішкі істер органдарының негізгі міндеттерінің бірі, осыған байланысты бұрын жаппай тәртіпсіздік барысында ұрланған қаруды іздеу мен алып қою бойынша мақсатты жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда. Бүгінгі таңда 1640 қару мен 41 мыңнан астам оқ-дәрі анықталып, заңсыз айналымнан алынды. Оның ішінде 10 граната атқыш; 6 оқ атқыш; 164 автомат; 362 тапанша; 235 жарақаттайтын және газды қару; 78 суық қару бар. Тек өткен 2 апта ішінде 50-ден астам қару-жарақ алынды. Қаруды жасырын сақтаудың 120 орны жойылды», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Мысалы, оның айтуынша, 17 маусымда Алматы қаласында алаңқайда 7 граната, оқжатары толық «ИЖ» жарақаттайтын тапаншасы мен оқ-дәрі жасырылған қаруды заңсыз сақтайтын жер табылған. 

21 маусымда Талғар қаласында 130-дан астам оқ-дәрі мен «Калашников» автоматы алынды. 22 маусымда тағы да Алматы қаласында «Калашников» автоматы, 2 аңшылық мылтық, түтікшелері бар «Ф-1» гранатасы, 40 оқ, 2 броньды кеудеше, 2 радиостанция алынды. 

25 маусымда Тараз қаласында тұрғын массивіне жақын жерде сәйкестендіру нөмірлері жойылған, «Макаров» жүйесінің бәсеңдеткішті тапаншасы, сигналды револьвер мен пневматикалық тапанша, жарық-дыбыс гранатасы мен әртүрлі калибрлі 60 оқ қолға түсті. 

26 маусымда Тараз қаласында «Байкал» мылтығы, «Стример» тапаншасы мен әртүрлі калибрлі 32 оқ табылып алынды.

«Жүргізілетін түсіндіру жұмысының нәтижесінде азаматтар 212 қаруды өз еркімен тапсырды», - деді ол.