Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде мерт болғандардың тізімі жариялантынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаза болғандардың тізіміне қатысты айтсам, ол жарияланады, көпшілікке мәлім болады. Бұған дейін айтқанымдай, ол тізімде, лаңкестік топтың деп айтсақ болатын шығар, сол тараптың жағында жүріп қаза болғандар өте көп. Олар өз әрекеттері арқылы мемлекеттік құрылымымызды ыдыратқысы келді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс беріп болғаннан кейін.
Президенттің айтуынша, бұл мәселенің екінші қыры бар.
«Бірақ мемлекетімізге табан астынан қарсы шыққан топтарға қатысы болмаған адамдар да бар. Осыған байланысты, әрине, біз қайғырып, көңіл айтамыз. Азаматтарға қарсы ақтауға келмейтін әрекеттерге барған әскери қызметшілердің бәрі жауапкершілікке тартылатыны түсінікті. Тергеу жүріп жатыр, баллистикалық сараптамалар өтіп жатыр. Сондықтан бәрі айқындалады», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын Қазақстан Президенті елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №59 дауыс беру учаскесіне келіп, республикалық референдумда өз таңдауын жасағанын жазған болатынбыз. Кейін Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.