Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу барысында қысым көрсету фактісімен 15 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сонымен қатар бұрын қамауға алынғандардың бұлтартпау шараларын жеңілдетіп жатырмыз. Мысалы, прокурорлар Алматы қаласында - 59, Қызылорда облысында - 3 және Шығыс Қазақстанда - 1 адамды қамаудан босатты. Олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Сол сияқты Қызылорда прокурорларының талабы бойынша сот санкциясымен үш адам үйқамаққа жіберілді», - деді ол орталық коммуникациялар қызметідегі брифинг барысында.
Оның айтуынша, осы атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған.
«Сондай-ақ тергеудегі заңсыз әрекеттер туралы шағымдарды ерекше бақылауға алып, тексерудеміз. Бүгінгі таңда прокуратураға 108 арыз түсті. Олардың негізінде лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, тергеу барысында қысым көрсету фактілері бойынша 15 қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, Атыраудағы «Динамо» стадионында орын алған жағдайлар, Талдықорған қаласының тұрғыны Батырбаевқа заңсыз күш қолдану және басқа да фактілер бар. Осындай оқиғалардың жан-жақты толық тексерілуін қамтамсыз ету үшін олар бойынша тергеу жүргізу жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне және арнаулы прокурорларға тапсырылды», - деді Елдос Қилымжанов.