Тәртіпсіздік кезінде ұрлық жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұрлық пен тонау қылмысын жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды. Ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденеді. Мысалы, 19 қаңтарда Алматы қаласында 18 жастағы тұрғын ұсталды. Оның ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған бейнежазба, ұрланған заттар аясында «селфи» жасағаны және ең сорақысы, көшеде бір полиция қызметкерін топ болып қатыгез ұрып-соғуға қатысқаны анықталды. Бұл бейнежазбалардың барлығын күдіктінің өзі жасаған. Ол уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды», - деді Әділов.
Осы орайда ол мұндай фактілер көп екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта өндірістегі қылмыстық істер бойынша арызданған залалдың алдын ала жалпы сомасы 87 млрд теңгеден асты. Зардап шеккендердің арыздануы барысында бұл сома өсіп келеді», - деді Тергеу департаментінің бастығы.