14 нау, 2022 сағат 12:54

Қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілердің мақсаты билікті басып алу болды – Берік Асылов


Қаңтар оқиғасы кезінде билікті басып алу мақсаты болды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Акциялардың түпкі мақсаты билікті зорлық-зомбылық арқылы басып алу болды. Заң бойынша мұндай іс-қимылдар терроризм актісі ретінде бағаланады. Көшеде зорлық-зомбылықты тоқтату мен азаматтардың өмірін қорғау үшін құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері қару пайдалануға мәжбүр болды», - деді Берік Асылов. 

Оның айтуынша, бұл қадамдар құқық қорғау қызметі туралы заңнамада қарастырылған. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас прокурор қаңтар оқиғасы кезінде 11 аймақта агрессивті топтар зорлық-зомбылық сатысына өткенін  айтты.

«3-ші, 4-ші және 5-ші қаңтарда Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдап, заңды сақтауға және деструктивті күштердің арандатуына бой бермеуге шақырды. Алайда, бірнеше мәрте сабыр сақтауға шақыруға қарамастан, қылмыстық және радикалды элементтер белсенді де қатаң әрекеттерге көшті. 4-ші және 5-ші қаңтарда азаматтар жиыны агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті», - деді Б. Асылов.