12 шіл, 2022 сағат 15:13

Қаңтар оқиғасы: Қырғыз музыкантына қатысты тергеу аяқталды


Қырғызстанның құқық қорғау органдары Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған музыкант Викрам Рузахуновтың азапталуына қатысты істі тергеуді аяқтады. Материалдар Қазақстанға жіберілмек. Бұл туралы Рузахуновтың өзі Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

"Сарапшылар менің денсаулығыма ауыр зиян келтірілді деп бағалады. Жиналған материалдар Қырғызстанның Бас прокуратурасы арқылы кінәлі тұлғаларды анықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанның құзыретті органдарына жіберілетін болады", — деді ол.

Айта кетейік, Қазақстандағы қаңтар қырғыны кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылған. Олардың арасында белгілі қырғыз музыканты Викрам Рузахунов та болды. 

Ақпанда  Қырғызстан прокуратурасы музыкантың азапталуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.